9.1.1.1 Мәтін мазмұны бойынша дайындалған сұрақтарға болжаммен жауап беру, түпнұсқамен салыстыру
Биотехнология – болашақтың ғылымы
- Оқырманға барынша қазақы жалпақ тілмен “биотехнология” терминінің мағынасын түсіндіріп берсеңіз.
- Бұл терминді шартты түрде, барынша қысқартылған түсінікпен алсақ, онда биотехнология кез келген өнімді жасап шығаруда немесе кез келген технологиялық өндірісте сапалы әрі таза өнім алу үшін тірі ағзаны қолдану үдерісі дегенді білдіреді. Мысалы, оған күнделікті тәжірибемізде бұрыннан бар үдерістерге сүттің ашуын, қышқыл сүтті өнімдердің алынуын, яғни айран, шұбат, қымыздың алынуын жатқызуға болады. Немесе ірімшік, шарап, сыраны дайындау барысы. Бұл үдерістерді адамзат бағзы заманнан қолданып келе жатқаны аян. Міне, бұл ең қарапайым биотехнология. Адамдар осыған дейін бұл үдерістердің принципін түсінбестен қолданып келген. Шарап және сыра өндірісінде қантты ашыту барысында спиртке, сүтті қышқыл өнімдерге айналдыратын бактериялар бар екендігінен бейхабар болған. Қазіргі таңда биотехнология мағынасы, әрине, оларға қарағанда әлдеқайда күрделірек. Жоғарыда келтіріп өткен мысалдардан бөлек те түрліше бағыттарда дамыған. Әрі олар өміріміздің сан-алуан бағыттарында көрініс табуда. Заманауи әлем мен дамыған экономикада бұл ұғым таза экологияның, өнімді өндіруде табиғатты, соңғы өнімді түрлі химиялық заттармен ластамайтын жолдармен алу әдістері, ауыл шаруашылығы және түрлі өндірістік үдерісте өнімді алу барысында оған химияны емес, табиғатта кездесетін табиғи өнімдерді қолданудың синонимі десек те болады. Биотехнология – болашақтың технологиясы. Оған жарқын мысал ретінде қалпына келтірілетін энергияны жатқызуға болады. Қазіргі күні жер-жаһан 95-ші бензинді қолдануға көшті. Аталмыш бензиннің 10%-ын мұнайдан алынбайтын биоэтанол құрайды. Ол ауаны ластайтын зиянды заттардан барынша таза әрі мұнай өнімдеріне тәуелділікті азайтады. Биоэтанол дегеніміз, жалпақ тілмен айтқанда, өсімдік тектес шикізаттан алынатын спирт. Өкінішке орай, бүгінгі таңда осынау спирттің басым көпшілігін құрамында қанты (мысалы, қызылша) және крахмалы жоғары өнімдер мен бидайдан алады. Бірақ қазір әлем ғалымдары бұдан бас тартуда. Өйткені тағамды отынға, жанар-жағармайға қолдану дұрыс емес. Сондықтан тез арада биоэтанолды құрамында целлюлозасы көп өнімдерден алуға ауысуда. Мысалы, оған әдетте қажетке жарамайтын, лақтырылатын сабан, ағаштардың діңі секілді материалдар жатады. Егіс далаларында бос жататын әрі өнімнің өнімділігін азайтатын сабанды немесе тағамға пайдаланылмайтын, күтімді қажет етпейтін өсімдік тектестерді, шөптерді Қазақстанның ұлан-байтақ даласында есепсіз көлемде өсіруге болады. Болашақта оларды жинап алып, бұлардан алынатын целлюлоза арқылы еліміздің жанар-жағармайға деген қажеттілігін толық жабуға болады деп ойлаймын. Таяу болашақта осылай болады да. Сондай-ақ биотехнология үдерістері діңгекті жасушалар жасап шығару үшін, ауыл шаруашылығында мал басының өнімділігін көбейту үшін қолданылады.
- Ауыл шаруашылығында қолданылатын биотехнология туралы не айтар едіңіз? – Қолдан ұрықтандыру, арнайы жемдеу арқылы малдың тез қоң жинауы биотехнологияға байланысты. Яғни ол ауыл шаруашылығында кең қолданыста. Бүкіл әлем өнімділік пен сапаны арттыру мақсатында паразиттер мен түрлі зиянды құрт-құмырсқалармен күресті химиялық әдістермен емес, табиғи әдістермен жүргізуге бетбұрыс жасауда. Қазір таза биологиялық асқа жүгінетіндер саны артып келе жатыр. Бүкіл әлем соған бағыт ұстануда. Қазақстан да бұдан тыс қала алмайды. Ал органикалық таза өнім қалай жасалады? Кез келген кәсіпорын иесі менің өнімім органикалық таза деп сенімді айтуы үшін қандай кезеңдерден өтуі керек? Осы сөзді айтпас бұрын ол кемінде үш жыл бойы өз жерінде құрт-құмырсқалар мен түрлі паразиттерге қарсы пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштарды қолданбауы тиіс. Алайда ол бұл жерді өңдеу үшін бірдеңе қолдануы керек қой? Ал ол бұл арада өнімге зиян әкелетін паразиттермен күресте биологиялық құралдар мен тыңайтқыштарды қолданады. Биологиялық тыңайтқыштар арнайы биологиялық зауыттарда жасалады. Ауыл шаруашылығындағы биотехнология дегеніңіз, міне, осы...






Ахмет Байтұрсынұлының ғылымға қосқан 7 жаңалығы
05 Қыркүйек 2022, 09:07
Ахмет Байтұрсынұлын білмейтін қазақ жоқ. Ұлт ұстазының есімін естігенде бәріміз елжіреп кетеміз. Сөзсіз, Ахмет Байтұрсынұлы – орасан зор, кемел тұлға. Алашорда және қоғам қайраткері, ағартушы, зиялы, алғашқы журналист, педагог, идеолог, ғалым деп ұлы тұлғаның сан қырын сипаттап кете беруге болады. Бірақ бұлардың арасында бәрінен де биік тұратыны – ол Ахмет Байтұрсынұлының ғалымдығы.
Қ. Слямбек
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/madeniet/persona/71483/
